Бүгін «Атамекен» концерт залында Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің «КҮЙДЕН КЛАССИКАҒА…» атты концерті өтті. Концерт екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Өскінбай, Малғаждар Әубәкіров, Әбдімомын Желдібаевтың күйлері оркестрмен орындалса, Махамбеттің «Жау шапқанын» Ж.Жәмиев, Қаршығаның «Нұрғисасын» Б.Долдашов жеке орындауда жұрттың жүрегіне жеткізе білді. Бөлімді Б.Сәрсенов, Б.Амантаев, Ж.Қорғанова, А.Ерімова, Б.Ідірбай секілді дәстүрлі әншілер түйіндеді.
Екінші бөлімде оркестр классикалық музыкаға ауысты. Петр Чайковский, Иоганн Штраус, Антонио Вивалди, Поль Мориа, Дж.Россини, Франц Легар, Арам Хачатурян, Анор Назаровтың шығармалары көрермен көңілін әлемдік музыкаға саяхат шектірді. Бұл бөлім әншілер — А.Басығариев, А.Айғалиева, М.Каримуллаев, Г.Төлеубергенованың попурриімен тиянақталды.
Оркестрді сиқырлы таяқшаның ұшымен сөйлеткен — көркемдік жетекші әрі Бас дирижер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Болат Долдашов және ҚР Мәдениет қайраткері Рахила Ерғалиева.
Кеш соңында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Бауыржан Халиолла Атыраудан өнер ұжымын бастап келген Дина оркестрінің директоры Хамил Сүйекбаевқа Алғыс хат табыстап, өнерпаздарға ықыласын гүлін ұсынып, құрмет көрсетті.