Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің академиялық әншілерінің «Абай әлемі» атты әуезді кеш өтті.
Дана да,дара Абайдың шығармашылығы жүз ғасыр жырласа да тарихы сарқылмайтын терең қазына іспетті. Кемеңгер ақынның, сөзіне жазылған әндер мен күйлер көпшілікті тебірентіп қана қоймай, сол дәуірді көзбен көріп келгендей әсер қалдырды.
Шараны Абай бейнесінде Абдулла Мұқанғалиев ақын әнімен ашты.
Кеште «Ерен еңбегі үшін» медалі иегерлері Аманжан Басығариев, Жәнібек Жәмиев және қобызшылар ансамблі, сонымен қатар, жеке орындаушылар өнер көрсетті. Өнерпаздарды күйсандықта сүйемелдеген Гаухар Манарбекова болды.
Абайды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін білетіні көпке мәлім. Бұған дәлел, 34-ші “Нұрбөбек” бөбекжай- балабақшасының тәрбиеленушісі, 4 жастағы Зара Алмасқызының “Ғылым таппай мақтанба” өлеңін жатқа оқығаны.
Концерт барысында көрермендерге сауалдар жолданып, жауап берген тыңдарманға «Абайдың қара сөздері» жинағы сыйға берілді.
Абай әуені мәңгі жасасын!
















