Ашхабадта Республика күніне арналған мәдени шара жоғары деңгейде өтті

Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласында Республика күніне және қазақтың ұлы ойшылы, дана ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған мәдени кеш ұйымдастырылды.

Іс-шара шымылдығы қазақтың рухын көтеріп, көңілді серпілтетін «Көңілашар» күйімен түріліп, көрермен қауымды ұлттық өнердің әуезді әлеміне жетеледі.

Салтанатты жиында Түркіменстан Мәдениет министрінің орынбасары Гурбанмырат Шихмырадұлы мен Қазақстан Республикасының Түркіменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Асқарұлы сөз сөйлеп, бауырлас екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығын атап өтті.

Олар қатысушыларға өздерінің шынайы алғысын білдірді.

Кеш барысында ұлттық мұрамызды паш ететін көрме жасақталды. Қазақтың әндері мен шертпе күйі, мың бұралған ұлттық биі, Атыраулық өнер ұжымдарының таңдаулы шығармалары көрермен назарына ұсынылды.

Әсем әуен мен нәзік қимыл көрерменнің жүрегін елжіретіп, өнердің құдіретін тағы бір дәлелдеді. Сондай-ақ, ұлттық мұрамызды паш ететін жәдігерлер де көптің қызығушылығын тудырды.

Бұл кеш – қос халықтың мәдени сабақтастығы мен рухани үндестігінің, достық пен бауырластықтың айқын көрінісі.

Біздің концерттер

Яндекс.Метрика