Биыл Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестр ұжымы үшін қуанышты жыл болғалы тұр. 2020 жылы оркестр меншігіне берілген қаламыздағы бұрынғы АХАЖ бөлімінің ғимаратына қалпына келтіру және реконструкциялық құрылыс жұмыстары басталды. Бірден айта кететін жағдай, ғимараттың бұрынғы жалпы архитектуралық келбеті сақталады. Жоба бойынша жаңадан 200 орындық концерт залы бой көтеруі үшін аталған нысанның артқы бөлігі ғана бұзылып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ғимарат ауласында техникалық үй-жайлар, яғни кір жуу, үтіктеу бөлмелері, жөндеу шеберханасы мен қоймалар салынады.
2023 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, облыстық Құрылыс басқармасының тапсырысымен тендер жарияланды. Нәтижесінде мердігер боп «Декор» ЖШС анықталды. Ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін жүргізіледі.
Қаланың орталығында арнайы жабдықталған көз тартарлық ғимараты бар оркестр ұжымының да халыққа берер рухани тартуы жоғары деңгейде болары сөзсіз. Лайым, ұлттық өнеріміз жасай берсін.