Күйдің табиғаты көп адамға жұмбақ секілді. Бірде ол даланың дарқан тынысын жеткізеді, бірде адамның ішкі иірімін қозғайды.
Ал оркестрде сол сан түрлі үн бір арнаға тоғысқанда, әр аспаптың өзіндік міндеті мен салмағы бар. Бірі әуенді өрге сүйресе, бірі оған бояу қосады, енді бірі шығарманың іргесін бекітіп, тұтас оркестрдің ырғағын ұстап тұрады. Оны тыңдаушының бәрі бірдей аңғара бермеуі мүмкін. Бірақ сол үн жоғалса, әуеннің ажары да, шығарманың салмағы да өзгеріп шыға келеді.
Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас домбырашысы Әділгерей Жұмағалиевтің домбырасының үні ширек ғасырдан астам уақыт бойы талай шығарманың тынысына араласып, талай сахнаның төрінде естілді.
Әкеден қонған бақ
Оның кіндік қаны осыдан алпыс үш жыл бұрын Боқсақтың бойындағы екі-үш үйлі Қаратүбек деп аталатын мекенде тамған еді. Әділгерей 1971-1981 жылдары Амангелді орта мектебінде оқып жүргенде-ақ өнерге қызығушылығы басталған дарабоз еді. Көзкөргендердің айтуынша, тіпті балабақшада жүріп түрлі аспапқа әуес болған екен. Қазақтың қара домбырасы өз алдына, гитара мен гармон да оның қолынан түспепті.
Марқұм әкесі Ізімғали да соғысқа дейін аккордеон, домбыра, скрипка аспаптарының құлағында ойнаған екен. Кейін соғыстың зардабынан соң ол өнермен байланысын үзуге мәжбүр болған. Зейнетке шыққанша есепші болып жұмыс істеп, көңілі соққанда домбырасын қолға алып әуезді күйді селдететін. Тіпті, мықты домбырашылардың өнеріне де талап қоятын әжептәуір сыншы болған екен.
Әділгерейдің өнерін шыңдауға мектептегі мұғалімдерінің ықпалы да аз болған жоқ. Орыс тілі пәнінің мұғалімі әрі он жыл бойы сынып жетекшісі болған Мәниса Сейдахметова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ұлыш Сапарғалиева, мектеп директорының орынбасары болған Ғалым Орынбасаров, физика пәнінің мұғалімі, әжептәуір әншілігі де бар Тоқтарбай Қалимов, музыка пәнінен дәріс берген баяншы Қайролла Қарабалин, Батырбек ағай секілді ұстаздары жас баланың өнерге деген талпынысын қолдап, бағыт-бағдар берді. Ол кездегі ұстаздардың өнегесі сабақ үйретумен ғана шектелмейтін. Ұлыш апай батырлар жырын, қисса-дастандарды айтып, қазақ тілін таза сөйлеуге шақыратын. Ғалым ағай жастарға ақыл-кеңесін айтып, салт-дәстүрді дәріптейтін. Әділгерей Ізімғалиұлының айтуынша, бүгінгі қоғамда жиі көтерілетін ұлттық тәрбие, тіл тазалығы, дәстүр сабақтастығы секілді мәселелерді сол ұстаздар оның бала күнінде-ақ айтып отыратын.
Әділгерейдің өнерге деген қызығушылығы тек музыкамен шектелмей, әдебиетке ойыса түсті. Оған бүгінде мұнай өнеркәсібінің ардагері Көпберген Шолимовтың көп еңбегі сіңді. Өйткені, мектепте бірге оқыған он жылда Көпберген әдебиетке құштар өреннің бірі болды. Өзі оқыған кітапты қасындағы достарына да оқытатын. Көптеген ақындардың өлеңдерін іркілместен жатқа соғатын. Осылайша, Көпберген сол рухани әлемнің есігін сыныптастарына ашып бергендей болды. Бірақ кейін 40 жылға жуық ғұмырын мұнай саласына арнайтынынан бейхабар еді.
Көпберген оқыған кітаптардың біразын Әділгерей де оқып шықты. Өзінің әдебиетке жақындығын ол сыныптасының ықпалы деп біледі.
Өнерге өріс ашқан орта
1982-1989 жылдары Гурьев музыкалық училищесінде білім алуы оның музыкант ретінде қалыптасуына сеп болды. Училищеде сол дәуірдің білікті ұстаздары Боздақ Рзаханов, Бағила Мұхтарова, Сәтім Әжікенов, Ұлықпан Суфалдияров, Оңайша Қарашева, Жұмагелді Нәжімеденов, Темірболат Нәжімов, Нәсіпқали Төлегенов, басқа да ұстаздар оның өнерге деген талғамын қалыптастырып, кәсіби шеберлігін шыңдады. Тіпті, Жұмагелді Нәжімеденовтің бағыт-бағдарымен бірнеше спектакльде өнер көрсетті. Ал, бүгінде жасы сексенге таяған Темірболат Нәжімовтен алған тәлімін Әділгерей ешқашан ұмытқан емес.
Музыка училищесінде оқып жүріп, домбырамен қатар баян үйренді, көркемсуретпен айналысты. Тіпті журналистикаға да жақын болды. Училищеде өткен іс-шаралар жөнінде қысқа хабарлар жазып, сол кездегі «Коммунистік еңбек» газетінің штаттан тыс тілшісі болды.
Училищені әскер қатарынан оралған соң тәмамдаған Әділгерейдің алғашқы еңбек жолы Жанбай музыка мектебінен басталды. 1995 жылға дейін Исатай ауданында музыка саласында қызмет еткен ол сол кездегі тұрмыстық және кәсіби саладағы ауыр экономикалық кезеңді де бастан кешті. Тоқсаныншы жылдары музыка мектептерінің, жалпы мәдениет ошақтарының жағдайы өте күрделі еді.
Соған қарамастан, Әділгерей 1995 жылы Атырау қаласына қоныс аударып, Теңдік музыка мектебінде музыкант, И.Тайманов атындағы №27 орта мектепте ән сабағынан мұғалім болды. Тіпті, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің қазіргі директоры Хамил Сүйекбаевқа №27 орта мектепте музыка пәнінен дәріс те беріпті.
Ол 2001 жылы Дина Нұрпейісова атындағы оркестрге домбырашы болып жұмысқа қабылдануын өз өміріндегі ең үлкен кәсіби белестердің бірі деп біледі. Міне, ол жиырма бес жылдан астам уақыт бойы осы ұжымның құрамында өнер көрсетіп келеді.
Ұлттық өнердің алтын ордасы
Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі 1957 жылы Атырау қаласындағы мұнайшылар мәдениет үйі жанында кәсіби дирижер Сейілхан Құсайыновтың жетекшілігімен жергілікті көркемөнерпаздардан қоғамдық негізде құрылған. Сол жылы Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің бюросы мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитеті оркестрге қазақтың ұлы күйші-композиторы, Қазақ КСР өнерінің еңбек сіңірген қайраткері Дина Нұрпейісованың есімін беру туралы қаулы қабылдапты.
Өңірдің ғана емес, күллі Алаш жұртының мақтанышына айналған ұжымның қалыптасуына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың тапсырмасы, академик Ахмет Жұбановтың қолдауы, ерлі-зайыпты Сейілхан Құсайынов пен Раушан Нұрпейісованың еңбегі айрықша әсер етті. Ал халық депутаттары Гурьев облыстық Кеңесінің 1990 жылғы 26 маусымдағы шешімімен оркестр кәсіби ұжым ретінде заңдастырылды. Көзінің тірісінде «күй қағаны» атанған Рысбай Ғабдиевтің жетекшілігімен оркестр қайта жасақталып, кәсіби деңгейі биіктей түсті. 2000 жылы ұжымға «Академиялық» құрметті атағы берілді.
Ал, Әділгерей үшін Рысбай Ғабдиевтің орны бөлек. Ол оркестрде бас дирижер әрі көркемдік жетекші болған кезеңді ерекше ілтипатпен еске алады. Рысбай Хисметұлын мәдениеті жоғары, өресі биік тұлға ретінде бағалайды. Оркестрдің кәсіби тұрғыда аяғынан тік тұрып, биік белестерге көтерілуіне оның сіңірген еңбегі шынында да айрықша.
– Рысбай Ғабдиев өте талантты, мәдениетті адам болатын. Біз Қазақстанның барлық облысында өнер көрсеттік, әлемнің көптеген мемлекеттерінде гастрольде болдық. Өнер сайыстарында талай рет бас жүлде алдық. 1994 жылы Түркияда өткен өнер байқауында Дина атындағы оркестр әлемде бірінші орын иеленді, — дейді ол.
Оркестр Қазақстанның барлық облыстарын аралап, Түркия, Германия, Австрия, Франция, Венгрия төрінде қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеді. Тәуелсіздік жылдарында кәсіби ұжымның қалыптасып, дамуына Қалиолла Ізекенов, Тәжібай Сәкенов, Аман Наурызғалиев, Мереке Ғұмаров, Мұхаддас Ғабдиев, Қамбарбек Дүйсенбай секілді басшылардың еңбегі сіңді.
Бүгінде оркестрдің репертуарында 800-ден аса шығарма бар. Оның негізгі бөлігін қазақтың ән-күйлері құрайды. Сонымен қатар әлем классиктерінің шығармалары да ұлттық аспаптардың үнімен орындалып, қазақ музыкасының мүмкіндігін кеңінен танытып келеді. Бір кезде қоғамдық негізде құрылған шағын ұжымның бүгінде халықаралық сахналарға шығып, әлемдік өнер кеңістігінде қазақтың үнін танытып жүрген кәсіби өнер ордасына айналуы – бірнеше буын өнерпаздың маңдай тері.
Сахнадағы ширек ғасыр
Бүгінде Әділгерей Жұмағалиев – академиялық оркестрдің бас домбырашысы. Ал, бас домбыра – қазақ халық аспаптар оркестріндегі өзіндік ерекшелігі бар аспап. Орыс халық аспаптары оркестріндегі контрабас-балалайка мен домра-бас тәрізді аспаптардың қазақ оркестріндегі баламасы ретінде қалыптасқан бұл аспап оркестрдің дыбыстық іргетасын бекітеді. Бас домбырашылар негізгі ырғақты бұлжытпай ұстап, шығарманың жалпы тынысын қалыптастырады. Жеке орындаушының көзге түсер тұсы аз болғанымен, оның бір сәттік қателігі тұтас оркестрдің үйлесіміне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бас партиясын орындау – зор жауапкершілікті, дәлдік пен музыкалық сезімді қажет ететін жұмыс.
Әділгерейдің ширек ғасырға жуық оркестрдегі қызметі осылай жалғасып келеді. Сахнада жүздеген шығарманың орындалуына атсалысқан ол қазақтың ән-күйі мен әлем классикасын домбыраның сан алуан бояулы үні арқылы жеткізген талай концерттің бел ортасында болды. Оркестрмен бірге талай елдің сахнасында ұлт аспаптарының үнін естіртті.
– Өнер адамының ешкімге ұқсамайтын өзіндік жолы, өнерге салған өрнегі болуы тиіс. Жастарға айтарым, адам адами болмысымен ерекшеленеді, әуелі адамгершілікті ұмытпаған жөн. Екіншіден, өнерде жақсы өнерпаз болуға ұмтылу керек. Өнер жолы – ауыр жол. Бұл жолда тек таланттың өзі жеткіліксіз, өнер өте көп еңбекті қажет етеді, — дейді Әділгерей Ізімғалиұлы.
Халықта «Өнер адамы – адамның жорғасы» деген сөз бар. Әділгерей Жұмағалиевтің өнердегі жолы да осы сөздің мәнін аңғартады. Бала күнгі әуестіктен басталған өнер кәсіби деңгейдегі халықаралық сахналарға дейін жетті. Бірақ оның домбырадан төгілген үні, оркестрдің ырғақ-тірегіне айналған еңбегі, шәкірттеріне берген тәлімі мен кейінгі буынға айтқан адамгершілік туралы сөзі өнер тарихында өз орнын табары анық.
Алмас ҚАБДОЛ


















