ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ

Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік кеш Сұлтан Бейбарыс алаңында өтті.

Кеш театрландырылған хореографиялық композициямен басталды. Одан соң Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі және Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің бірлесуімен ерекше концерт басталды. Бұл шараға мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында домбыра үйірмесіне қатысушы 5000 домбырашы балалар қатысып, өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Олар “Нәр ағашы” күйін нақышына келтіре орындап, айтулы қос оркестрмен бірге бас дирижер, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Болат Долдашовтың дирижерлік етуімен “Балбырауын” күйін халыққа тарту етті.

Айтулы мерекеде «Көңілашар», «Би күйі», «Адай», “Ата толғауы” тағы да басқа шығармалар жоғары деңгейде орындалды. Халық аспаптарын серік еткен дәстүрлі әншілер шеруі, халықаралық конкурстардың бірнеше мәрте лауреаты «Інжу-Маржан» би-ансамблі, домбырашылар шеруі қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. “Күй тартыс” секілді өнер жанры дәріптеліп, таланттар сынға түсті. Сонымен қатар, теріс бұраудағы күйлерден күйшілер шашу шашып, ел ықыласына бөленді. Кең көлемде өткен тамаша кештің көркем өтуіне өңірге белгілі дирижерлер, атап айтсақ, Мемлкеттік «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Болат Долдашов, Мәдениет қайраткері Рахила Ерғалиева, Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Мәдениет саласының үздіктері Ержан Қитаров және Сая Жұмашевалар үлес қосты.

Шараның екінші бөлімінде әншілер әсем әнмен көңіл серпілтіп, думанның көркін қыздырды. Сахнаның сәнін көрерменнің сүйіктісі, елге белгілі эстрада әншілері Венара Машкалиева, Мейіржан Қабдолов, Ержан Мырзахметов, Ақмарал Кәдірбайлар келтірді. Мерекелік кештің құрметті қонақтары, республикаға белгілі өнер жұлдыздары “Алашұлы” тобы сәтті өнер көрсетті.

Мәртебелі меймандарымызға деген көрерменнің ыстық ықыластары жоғары болды.

Домбыра – өткеніміз, домбыра - бүгініміз, домбыра - болашағымыз. Домбыра бар да Қазақ халқы бар!

Жүрегімізге қуаныш әкелген Ұлттық Домбыра күні құтты болсын!

 

 

 

 

Біздің концерттер

Яндекс.Метрика