Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен Халық Қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, әйгілі күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Өз елім» концерті өтті.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Б.Долдашов және Мәдениет қайраткері Р.Ерғалиеваның жетекшілігімен өткізілген концерт Нұрғиса Тілендиевтің “Ата толғауы” күйімен ашылды.
Атаулы концертте Н.Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлы-этнографиялық “Отырар сазы” оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің кавалері Д.Тілендиева, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет орденінің» иегері, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармония солисті С.Айтбаева, Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисті, республикалық байқауларлың лауреаты Ф.Кубиев және жергілікті өнерпаздар: А.Басығариев, Г.Төлеубергенова, А.Айғалиева, А.Мұқанғалиев, М.Каримуллаев, А.Сапанов, Г.Абдрахим «Кел, еркем, Алатауыңа», “Жан сәулем”, «Жан жарым», «Мен сендерді іздеймін» , «Келе жатыр құс қайтып» , «Сарыжайлау «Жүрегім менің», «Махаббат таңы», “Өз елім” әндерін шырқады.
Композитордың «Бауырлаштарым», “Жеңіс салтанаты”, «Еңбек қуанышы»,«Алтын дән» «Көш керуен», «Махамбет» туындылары оркестр сүйемелдеуімен ерекше әсер қалдырды. Ал, жеке орындауда “Ерен еңбегі” медалі иегері Ж.Жәмиев “Аққу”, С.Әлібеков “Әлқисса” күйлерімен көрерменді тәнті етті.
Кеш соңында күллі қазаққа танымал композитордың төл туындысы «Құстар әні» әнін көрермен бірге шырқап, көңілді тарқасты.