Профессор Рысбай Ғабдиевтің туған күні

Бүгін Қазақстанның халық әртісі, “Парасат” орденінің иегері, “Күй Қағаны” атанған дүлдүл домбырашы, білікті дирижер, профессор Рысбай Ғабдиевтің туған күні.
Даңқты өнерпаз ортамызда жүрсе 90 жасқа келер еді.
Бабадан балаға мирас болған осындай күй өнерінің биігінде тұрған Рысбай Ғабдиевтің руханият әлеміндегі қолтаңбасы тым ерекше. Ол – домбыраның қос ішегіне ұлттың тұтас тағдырын сыйдырған, күйді сөзсіз сөйлеткен дара тұлға.
Заңғар өнерпаздың орындауындағы күй тек әуен емес, ол – рух, ол – мінез, ол - қазақтың өткені мен бүгіні, ол - тіпті ұлар тектес ұлтымыздың ішкі жан айқайы. Сондықтан да ел Рысбайдай ерен азаматын “Күй Қағаны” деп атады.
Ұстаз ретінде талай жас домбырашыға бағыт-бағдар беріп, үлкен өнердің үзілмес жібін болашаққа жалғады.
Ол – тек өз заманының ғана емес, келешектегі бірнеше дәуірдің рухани серігіне айнала білген аңыз адам.
Осындай ғажайып өнерпаз 1990 жылдан 2004 жылға дейін біздің оркестр ұжымына бас дирижер және көркемдік жетекші болып, айтулы өнер отауын Академиялық деңгейдегі кәсіби оркестрге айналдырды.
Рысбай Ғабдиевтей ғажап өнерпаздың есімі Қазақ деген халық бар да, домбыраның күміс күмбірі сыңғыр қаққан жерде жасай берері ақиқат.
Рухыңыз пейіште шалқысын, Күй Қағаны!

Біздің концерттер

Яндекс.Метрика